Петропавлдық бірнеше колледждің студенттері есірткі қылмысы үшін сотталған қыздардың өмірін өз көздерімен көрді. Бұл экскурсияны СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Петропавловск.kz СҚО полиция департаментіне сілтеме жасап.
Колледжде оқитын 30 студент әйелдер колониясының ішкі тәртібімен танысып, есірткі таратқаны үшін сотталған екі жас қызбен кездесті. Колония қызметкерлері оларға нұсқаулық өткізіп, тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексергеннен кейін, мекеме аумағына кіруге рұқсат берді.
ҚР ІІМ ҚАЖК-нің Петропавл қаласындағы №50 мекемесінде 20 жастағы қостанайлық екі қыз жазаларын өтеп жатыр. Олар есірткіні «жасырын» орындарға қойып, сатқаны үшін 10 жылға бас бостандықтарынан айырылған. Қыздар бұл қылмысқа колледжде оқып жүрген кезінде тартылған. Енді тек жеті жарым жылдан кейін ғана олар шартты түрде босатуды сұрай алады.
Сотталғандар студенттерге жеңіл ақша табудың арты немен аяқталатынын баяндады.
«Жақындарыңызды қадірлеңіздер, егер үйде жанжал болса, татуласуға бірінші қадам жасаңыздар. Ертең не болатынын ешкім білмейді», – деді қыздардың бірі.
СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Руслан Сапаровтың айтуынша, жастарға тек қана есірткінің зияны туралы айту жеткіліксіз, өмірде ағаттық жасағандардың оқиғасын тікелей өз ауыздарынан естіту маңызды.
«Біз мұндай алдын алу шараларын, колонияларға және наркодиспансерлерге экскурсиялар өткізуді тұрақты түрде жүргізіп тұруды жоспарлап отырмыз», – деді ол.