Солтүстік Қазақстан облысында «Динамо» спартакиадасында полицейлер арасындағы самбо күресінен мықтылар анықталды.
«Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамының дәстүрлі спартакиадасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының құқық қорғау органдарының қызметкерлері самбо күресінде бақ сынасты. Жарыс 19-20 қыркүйек күндері ұлттық спорт түрлерінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өтті. Жалпы 12 дене шынықтыру ұжымы қатысты.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының қызметкерлері мықты деп танылды. Екінші орынды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, ал үшінші орынды Солтүстік Қазақстан облысы шекара қызметінің қызметкерлері иеленді.
Полицейлер арасында 71 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Раимбек Асқаров бірінші орынды жеңіп алды. 98 кг дейін және 98 кг-нан жоғары санаттарда Ернар Жаңабаев пен Әділ Қайыров жеңімпаз атанды.
Қазылар алқасы «Жеңіске деген ерік-жігері үшін» марапатын шекара қызметінің қызметкері Дулат Алпысовқа берді. Ал «Үздік техника үшін» номинациясы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкері Әділ Қайыров марапатталды.
Аудандық полиция бөлімдерінің ішінде Айыртау ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ең мықты деп танылды, ал екінші және үшінші орындарды Тайынша және Есіл аудандарының полиция бөлімдері иеленді.
Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметі