Учаскелік полиция инспекторы Ерлан Ноғұрбековтың қызметтік үйге қоныс аударуы, жаңа қызмет орнына ауысуы мен шаңырақ көтеруі тұспа-тұс келді. 10 күн бұрын неке қию рәсімінен кейін ол бірден «Бірлік» жаңа шағын ауданында ашылған № 14 учаскелік полиция пунктіне жұмысқа кірісіп, көрші үйде орналасқан қызметтік тұрғын үйге қоныстанды.
Ерланмен бірге жаңа учаскелік полиция пункті аумағында жедел уәкіл және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор қызмет атқарады.
Бірінші тапсырма — халықпен жақынарақ танысу. Күн сайын полиция аға лейтенанты Ноғұрбеков жергілікті тұрғындармен әңгімелесіп, ұрлықтың, интернет-алаяқтық пен отбасылық жанжалдың алдын алуды жүргізу мақсатында аумақты аралау жұмыстарын жүргізеді.
Есепке алынған адамдарға ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта «Бірлікте» алкогольді ішімдікке бейім 15 адам тұрып жатыр, олардың үшеуі бұрын сотталған, біреуі есірткіні заңсыз пайдаланғаны үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әйел.
«Бірлік» шағын ауданы су тасқынынан зардап шеккен петропавлдықтар үшін салынған. Әзірге жаңа үйлерге 1700-ге жуық адам қоныстанған, алайда күн сайын жаңа тұрғындар көшіп келуде. Тұрғындардың көпшілігі жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқандықтан, өкінішке қарай құрал-саймандар мен құрылыс материалдарының сақталуына көңіл бөлмей жатады. Учаскелік полиция инспекторы жұмысының алғашқы 10 күнінде 2 ұрлық фактісі тіркелген. Ұрланған заттардың қатарында — тақталар, цемент, сорғы және тағы басқа құрылыс материалдары бар. Ұрлықтың біреуін Ерлан өзі әшкереледі.
— Ұрлықтың алдын алу үшін учаскені күндіз, түні патрульдеуге тура келеді, — дейді ол. — Сондай-ақ бір отбасылық жанжал тіркелді. Жалпы, қызмет көрсетілетін аумақта жағдай тыныш, қызметті қалыпты режимде атқарамыз.
Игорь Мерцалов