29 октября 2023 года - День общенационального траура в Республике Казахстан

Ғибратты ғұмыр

 

Коммунист Төлеусейіт Айдарқожиннің өмірінен бір үзік сыр.

Бүгінгі бейбіт күн кешегі бабалардың ерлігі мен еңбегінің өтеуі. Аналардың тыныш ұйқысы мен балалардың сыңғыр күлкісі үшін шыбын жанын шүберекке түйген әрбір жанның өмірі өскелең ұрпаққа үлгі әрі өнеге. Ұлағаты ұрпағына ғибрат болған тарлан тұлғаның бірі – Төлеусейіт Айдарқожин. Ұлы Отан соғысының ардагері, Коммунистік партияның белді өкілі туралы қызы Сәуле ерекше толғаныспен әңгімеледі.
«Қазақстанның
ішіндегі Қазақстанда
тудым»

– Әкем 1919 жылы 5 мамырда қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Бір үйдің жалғыз баласы болған. Ақмола облысының тумасы. Дәлірек айтсам, қазіргі Атбасар ауданы Қазақстан ауылында кіндігі кесілген. Ол кісі көңілді отырғанда «Қазақстанның ішіндегі Қазақстанда тудым» деп қалжыңдайтын. Қазақстан ауылы әлі бар. Қателеспесем күні бүгінге дейін осылай аталады.

Қос соғыстың куәсі

– Әкем соғыс туралы мүлдем айтпайтын. Сірә, өлім мен өмір арасындағы арпалысты еске алғысы келмейтін шығар. Қиылып сұрасақ та, жақ ашпаушы еді. Ол 1939 жылы әскери борышын өтеуге аттанған. Мәскеуде болыпты. Мәскеу авиадивизиясында әскери өнердің қыр-сырын меңгерген. Мықты пулеметші болған. 1940 жылы Фин соғысына аттанған. Бірақ соғысқа кірмеген. Оларды шекара шебін қорғайтын қосымша күш ретінде ұстаған.

1941 жылдың маусым айында Коммунистік партияға өтіпті. Дәл осы жылы олардың дивизиясын майданға жіберген. Осылайша әкем елге қайтпастан, 1941 жылы қан майданға аттанған. Әйгілі Курск түбінде соғысқан. Курск, Орлов түбінде қиян-кескі шайқас болғанын тарихтан жақсы білеміз. Әкеміз 1942 жылы сәуірде ауыр жарақат алады. Айтуынша дәл қасында жарылған гранатаның жарықшағы аяғын қан-жоса қылған. Ол ұзақ уақыт госпитальде жатып, 1942 жылдың қыркүйегінде елге қайтарылған.

Қайсарлығына қызығатынмын

– Әкемнің соғыста жүріп, жарақат алған кезде қандай күй кешкенін көз алдыма елестете алмаймын. Бірақ ауыр жарақатты елемей, еңбекке араласуын оның бірбеткейлігімен байланыстыратынмын және қайсарлығына қызығатынмын. Қиындықты қасқайып қарсы алатын еді. Өмірге деген құштарлығын айтсаңшы?! Мұны не үшін айтып отырмын. 1995 жылы әкем инфаркт алып, ауруханаға түсті. Өзім дәрігер болғандықтан, мұның қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін жақсы білемін. Сол кезде әкемнің шыдамдылығына, қайсарлығына куә болып, таң қалғаным бар. Ол инфаркт алғанын, мұның қауіпті екенін біле тұра санавиация шақыртпай, ауруханаға өз көлігімен барды. Оны бірден жансақтау бөліміне жатқызды. Түнде бұл бөлімге басқа адамдарды әкелген. Олар ауруға шыдамай, ыңырси берген. Әкем: «Мені палатаға шығарыңдар!» деп табандап тұрып алыпты. Дәрігерлер мұның қауіпті екенін қайталап ескертсе де, көнбеген.
Ертеңінде әдеттегідей жансақтау бөліміне келдім. Дәрігер «Ол мұнда жоқ» дегенде денем мұздап сала берді. Қабырғаға жабысып, қаттым да қалдым. Дәрігер мән-жайды түсіндіргенде ғана есімді жидым. Сөйтсем әкем зембілге де жатпай, жансақтау бөлімінен палатаға өз аяғымен барған екен. Ол аяу, мүсіркеу дегенді ұнатпайтын.

«Мені партбилетім
асырайды»

– Әкем соғыстан оралған соң еңбекке араласты. Ауылдық кеңестің хатшысы болып жұмысқа тұрды. Бұл қызметте бір жыл еңбек етіп, 1943 жылы анам Күлбағиламен шаңырақ көтерді. Еңбек жолын өзі туған Қазақстан ауылынан бастап, Шолақ, Қарасу, Ленин комсомолы ауылдарында ұзақ жылдар ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет етті. 1942 жылдан бастап ақтық демі үзілгенше, яғни 1996 жылға дейін Коммунистік партия үшін жұмыс істеді. Қызметте өте абыройлы болды.
Қазақстан тәуелсіздік алған соң әкемнің қатарластары дін жолына түсе бастады. Әкем: «Мені партбилетім асырайды. Сондықтан партия алдында да, ар алдында да ақпын, адалмын» дейтін. Сол адалдығы шығар, әкем де, анам да Рамазан айында өмірден өтті. Қасиетті айда өмірден озу кез келген адамның пешенесіне жазыла бермейді дейді ғой.
Ол тәртіптің адамы еді. Балаларынан да, қоластындағы қызметкерлерден де тәртіпті талап ететін. Әр іске жауапкершілікпен қарайтын. Қарамағындағы әрбір отбасының жағдайына қарайласып, көмектесетін. «Еңбек бағалануы керек» деп отыратын. Ауылға бара қалсақ, әлі күнге дейін әкемді айтып, көзіне жас алатын адамдар бар. Үлкен басшылардың өзі әкемнен ығып отырушы еді. Сыйлағандары ғой. Әділетті басшы еді. Ешкімді алаламай, бәрін тең көретін. Жеті кластық білімімен-ақ айналасына жақсылықтың, тектіліктің дәнін септі.

Әкем 1996 жылы 4 — қаңтарда өмірден өтті. Ал 2-3 қаңтар күндері елді аралап шыққан екен. Сөйтсек халқымен қоштасып, бой жазғаны екен ғой. 4 — қаңтар күні әкем даладан кіріп: «Күлкен, менің жүрегім үзілді» депті. Төсегіне өз аяғымен барып, жантайыпты. Анаммен аз-кем дидарласқан күйі жүріп кеткен. Ол қайтыс боларының алдында анама: «Күлкен, мен бірінші кетемін, сен қаласың. Қатарластарымның ұл-қыздары теріс жолға түсіп жатыр, балаларға ие бол. Төрт-бес жылдан соң өзің де қасыма кеп жатасың ғой» деп жиі айтып отыратын. Әкемнің айтқаны айнымай келді. Ол 1996 жылы қайтыс болған соң, төрт жылдан кейін анам да мәңгілік мекеніне аттанды. Анам да текті жан еді. Жазда ұлдарында, қыста менің қолымда болып, бәрімізді ұйыстырып жүруші еді. Қайтыс болатын жылы бөлек мінез танытып «Ренжіме, сенің үйіңе бара алмаймын. Ұлдың қолынан шыққаным дұрыс», – деді. Өмірден өтерін білген екен. Бір айдан соң фәни дүниемен қоштасты. Қазақта «Ақ өлім» деген ұғым бар. Халқымыз жақсы өлімді «ақ өлім» деп атайды. Өз басым әкемнің де, анамның да қазасын «ақ өлім» деймін. Себебі екеуі де төсек тартып жатпады. Қиналған жоқ. Ұл-қыздарының қолында өмірден озды.

Әке аманаты

– Әкем қайтыс боларын сезіп, анама аманат-хат қалдырыпты. Онда: «Егер қыстың күні қайтыс болсам, Шолаққа, үш құлынымның қасына жерлеңдер. Ал жазда қайтыс болсам, елге – Құмайға, әке-шешемнің қасына жерлеңдер» деп жазылған екен. Әкем қыста қайтыс болды. Өзінің аманаты бойынша Шолаққа жерленді. Бір қызығы немере інісі Жұмабай Молдахметовке көзі тірісінде «Әке-шешемнің қасына қоярсыңдар» деп айтып отырады екен. Әкем қайтыс болғанда Жұмабай ағам оны Құмайға жерлейтінін айтты. Анам аманат-хатты көрсеткен соң, әкемнің шешіміне тоқтады.

Ордалы әулет

– Әкем мен анам 50 жылдан аса бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Екеуі 13 бала сүйіпті. Оның бесеуі – жерде. Қалғаны – аман. Қазір екі қыз, алты ұл бармыз. Мен – дәрігермін, зейнеттемін. Менен кейінгі қыз Жұлдыз Айдарқожина Сыртқы істер министрлігінде істейді. Қазір Израильде елшілікте. Екі үлкен ағам – Алтай мен Адай Қостанай облысында тұрады. Сансызбай інім де Қостанайда. Сырым Қарағандыда тұрады. Абай, Қайрат деген інілерім – Астананың тұрғыны. Бәріміз бір-бір шаңырақтың иесіміз. Ата-ананың атына кір келтірмей, елдің игілігі үшін еңбек етіп жүрген жайымыз бар. Әкеміз «ұйымшыл болыңдар!» дейтін. Біз оның осы өсиетін ту етіп ұстап келеміз. Көзі тірісінде туыстарын өзінің айналасынан ұзатпайтын. Бізді де солай тәрбиеледі. Биыл әкеміз 100 жасқа толды. Осы жылдың 22 – маусымында Шолаққа барып, әкеміздің 100 жылдығына арнап ас береміз.


«Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ». Өнеге алатын дүние көп. Ал өткенімізді өнегелі етіп тұрған Төлеусейіт Айдарқожиндай арда азаматтар. Ендеше басқаның батырларын емес, өзіміздің асылдарды ардақтайық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *