Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов биыл қыркүйек айында іске қосылған сусындар шығаратын жаңа зауытта болды, деп хабарлайды Петропавловск.kz.
Бұл жобаға 13 миллиард теңгеге жуық инвестиция құйылды. Автоматтандырылған заманауи еуропалық қондырғылар орнатылды. Процесті автоматтандырудың арқасында өнімділік өсе түсті. Компания өнімнің 70 пайызын экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Өндірістің іске қосылуы мультипликативті әсер береді. Жұмысшылар саны 260-тан 385 адамға дейін өсті. Орташа жалақы — 267 мың теңге. Бұл кәсіпорын облыстағы ең ірі салық төлеуші. Өткен жылы кәсіпорын облыс бюджетіне 15,6 миллиард теңге салық төлесе, оның 13,5 млрд — акциздер. Жаңа желілердің іске қосылуы акциздердің түсімін 22 млрд теңгеге дейін көбейтпек. Жалпы, жаңа өндірістің іске қосылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, салық базасы мен бюджет түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік берді.