Қыркүйектің 16-сынан бастап Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері «Учаске» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын жүргізуде. Бұл операция шеңберінде учаскелік полиция инспекторлары құқық бұзушылықтардың және қылмыстардың алдын алу шараларын күшейтуде. Іс-шараның мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, халықпен сенімді қарым-қатынасты нығайту және ішкі істер органдарының беделін арттыру.
Полиция қызметкерлері байланыс нөмірлері бар визиткаларды таратуда, мессенджерлердегі ортақ үй чаттарына қосылып, алаяқтықтың алдын алу бойынша жадынамаларды таратуды қолға алған. Сонымен қатар, полицейлер әрбір тұрғынмен жеке танысуды да көздеп отыр. Облыстық және қалалық полиция басшылығы қала тұрғындарын учаскелік инспекторлардың аулаларды және пәтерлерді аралауына түсіністікпен қарап, оларға барынша көмек көрсетуге шақырады. Күдікті тұлғалар туралы ақпаратты полицияға дереу хабарлау қажет.
«Учаске» іс-шарасының бірінші күнінде кешкі 21:00-ден түнгі 00:00-ге дейін облыс орталығында «шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған» санаттағы есепке алынған адамдар тексерілді. Барлығы 180-нен астам адам тексерілді, олардың 59-ы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар. Іс-шара 1 қарашаға дейін жалғасады.
Юрий Клыков